Арал ауданында 2003-2004 ж.т жасөспірімдер арасында футболдан «Былғары доп» республикалық лигасының облыстық іріктеу жарысы өткізілді. Ауданымыздың белгілі азаматы, «Жанар и Ка» толық серіктестігінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты болған Алмат Аманұлы Балшамбаевты еске алуға арналған облыстық турнирге аймағымыздың Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Арал аудандары қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша Арал ауданының командасы жеңімпаз атанып, үстіміздегі жылдың 16-24 мамыры аралығында Астана қаласында өтетін республикалық "БЫЛҒАРЫ ДОП-мектеп лигасы" жарысына жолдамаға ие болды. Ал, II-орын Қазалы ауданы, №249 мектеп-лицейінің командасына бұйырса, III-орынды Сырдария ауданы, О.Абулпаттаев атындағы №210 орта мектебінің командасы иеленді.
Турнир барысында үздік ойын көрсеткен қатысушылар бірқатар номинациялармен марапатталды.
«Үздік шабуылшы» - Сұлтанбек Дияс, Жалағаш ауданы,
«Үздік қақпашы» - Айтбаев Дулат, Сырдария ауданы,
«Мерген шабуылшы» - Қайратбек Дияс, Қазалы ауданы,
«Үздік қорғаушы» - Айдарбай Асылхан, Қазалы ауданы,
«Үздік жартылай қорғаушы» - Алданов Бекарыс, Арал ауданы.




